Войти

Қонаққа келіңіздер!

Ақпарат

Құрметті Есік қаласының тұрғындары!


Сіздерді аудандық кітапханаға шақырамыз. Мұнда сіздер шытырман оқиғалар мен махаббат хикаялары, жоғары математика мен әртүрлі қызықты кітаптарды таба аласыздар. Біз сіздерді күтеміз: Есік қаласы, Абай көшесі 122 үй.  


Туған жерге тағзым

Ақпарат

Құрметті оқырмандар!
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері және Физули атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері - Тұманбай Молдағалиевтың туғанына 85 жыл толып отыр.
Өлеңді жазған кезінде, Өзгені мүлде ұмытып, Жанады бір от көзінде, Бөлменің ішін жылытып... Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы наурыз айының 20 жұлдызында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, «Жарсу» совхозында дүниеге келді. Тұманбай Молдағалиевтың өлең, поэмалары 40-тан астам жинақ болып басылып шықты. 1954 жылы Т.Молдағалиевтің «Украина қызына» атты тұңғыш өлеңі жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы «Студент дәптері» 1957 жылы жарық көрді. Кейін: «Кәмилә» (1960), «Көктем таңы» (1961), «Алатау қызы» (1963), «Зулайды күндер» (1965), «Жүрек ояу қашан» (1972), «Махаббат оты сөнбейді» (1975), «Жиырма бесінші көктем» (1980), «Тынық мұхит дәптері» (1985) және т.б. өлеңдер, поэмалар мен әндер жинағы жарық көрді.
Қалың қазағы «Тұмаш, аға» деп еркелеткен, ақын Тұманбай Молдағалиев өз өмірін өлеңмен өрнектеген жан. Басылым беттеріне берген сұхбаттарының бірінде: «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні жер бетінде жүре қоймаспын. Өлеңнен өз орнымды таптым» деген еді. Расында да, ғұмырының соңғы сәттеріне дейін, ақын ата өлең жазуды тоқтатпаған.
 

Құрметті оқырмандар

Ақпарат

Құрметті оқырмандар!
Баласағұн Жүсіп - ақын, ойшыл, ғалым, туғанына 1000 жыл (1020 ж.ш.)
Жүсіп Баласағұни – XI ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі күллі шығыс елдеріне белгілі болған аса көрнекті ойшыл, энциклопедист ғалым, белгілі қоғам қайраткері.Ол Баласағұн қаласында туып өскен. Баласағұн –көрікті тас қала деген ұғымды білдіреді.Қарахан мемлекетінің астанасы, әкімшілік және сауда – саттық орталығы болған. Жүсіптің әкесі өнер иесі, күйші екен. Ол Қарахан мемлекетінің қожасы Боғраханға қызмет еткен. Жүсіп те талантты әкенің тәрбиесін алып өскен, жасынан зеректігімен көзге түсіп, сарай қожаларының көңілін өзіне аударады.Сол кезде Шығыс Түркістан, Жетісу, Қашқар, Баласағұн өлкелерін билеп тұрған Боғрахан Жүсіптен зор үміт күтіп, оны тәрбиелеп, баулыған. Жүсіп кезінде атақты деген білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Өз кезінің білімді адамы саналған, жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай тілдерін жақсы білген.
«Құтты білік» деген кең көлемді дидактикалық «өсиет -өнеге» кітабын 54 жасында 18 ай жазып, ол еңбегін Боғраханға тарту еткені үшін « Хас Хажып» атағын алған. ( Хас –Хажып –сарай минстрі деген ұғымды білдіреді). Хас Хажып – он түрлі қасиет болатынын сипаттайды: өткір көз, саққұлақ жомарт жүрек, сәнді тұлға, сүкімді жүз, сыпайы мінез, білік, әдемі сөз, мейірім, ақыл., «Құтты білік» барлық халықтарының ортақ орта ғасырлық туындысы, ол -85 тараудан, 65 бәйттен яғни 13 мың жолдан тұрады екен.
«Құтты біліктің» негізгі тақырыбы –Адам, оның кемелдену жолдары.кітапқа негіз болған 4 асыл қасиетер.
Күнтуды -Әділет
Айтолды –Бақыт
Өгділмүш –Ақыл
Өдғұрмыш –Қанағат
Поэма диологқа құрылған. әңгіме осы төрт кейіпкердің сұрақ –жауаптары арқылы дамиды. Сонымен қатар Кемел мемлекеттің сипаты баяндалады.Кемел мемлекетте өмір сүретін адам да кемелдену жолын іздеуі керек.
Ширек ғасыр бұрын азаттыққа қол жеткізген түркі тілдес мемлекеттер мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұн – рухани мәдениеттің әлемдік деңгейдегі ірі тұлғасы. Ол – түркі дүниесінің ойшылы әрі сөз зергері.
 
 

МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР

Ақпарат

МЕРЕЙГЕР КІТАПТАР

Құрметті оқырмандар!

С.Торайғыровтың «Кім жазықты» дастанына - 105 жыл (1915)

Сұлтанмахмұт Торайғыров қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданында 1893 жылы 28 қазанда дүниеге келген. Қазақ әдебиетінде өзіндік орнымен дараланып көрінетін Сұлтанмахмұт ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясына психологизмді берік орнатқан ақын. Сұлтанмахмұт шығармалары - өз дәуірінің шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын көрсететін туындылар. Соның бірі - «Кім жазықты» шығармасы ақынның заман туралы үлкен толғанысы. Өлеңмен жазылған «Кім жазықты» романының толық нұсқасы бізге жетпеген. Сюжеттік желілер арасындағы кейбір бөліктері, сондай-ақ романның соңы жоғалған. «Кім жазықты» романы ақынның өзі өмір сүрген дәуірдегі шындықты, әлеуметтік күйді бейнелейді. Қазақ әйелінің теңсіздік күйін, қоғамның жаңаруына бөгет болып отырған топты - ел тағдырын ұстап тұрған адамдардың бейнесі - Әжібайлар арқылы көрсетеді. Жазушы қоғамдағы осындай топтың әлеуметтік тегін іздейді де, осыларға «Кім жазықты?» деген сұрау қояды. Романдағы өмір жолы, тәрбиесі, ісі, мінезі жан-жақты суреттелген Әжібай – типтік образ. Әжібайдың өмірлік ұстанымдары да, ісі мен қызметі де адамдықтан шет жатыр. Жасынан тәрбиесіз өскен Әжібай зорлық пен қара күшті қолдаушы, әлсізді қорлаушы, жаңалық атаулыны ұнатпайды. Оның айналасы дау-жанжал, тартыс, жылаған әйел, мылқау топ. Осындай типтік бейне арқылы шындықты көрсетіп отырған жазушы әжібайшылдықты тудырып отырған ортаны, тәрбиені қатаң сын тезіне салады. Романдағы кейіпкерлер жүйесі толығымен Әжібайдың бейнесін ашуға қызмет етеді. Осы арқылы жазушы өз дәуіріндегі әлеуметтік тартысты айқын көрсетіп береді.

 

Құрметті оқырмандар!

Ақпарат

Құрметті оқырмандар!
Есік қорғанынан табылған «Алын Адамға» биыл 50 жыл толып отыр. Осыған орай, әңгімемізді осы «Алтын Адамды» тапқан Бекен Нұрмұханбетовке арнаймыз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» - деп атап көрсетті.
ХХ ғасырдың басты жаңалықтарының бірі - «Алтын адамды» ашқан Бекен Нұрмұханбетов бар ғұмырын қазақ археологиясына арнады. Қорық-мұражай ашып, ашық аспан астындағы тарихи жәдігерлерді қорғауға алу туралы бастаманы алғаш болып көтерді. Қазба жұмыстарын жүргізудің тың әдіс-тәсілдерін енгізген де Бекен Нұрмұханбетов болатын.
Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы 1935 жылы Алматы облысы, Ақсу ауданы, Еңбек ауылында туған.
Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы 1969-1970 жылы көрнекті ғалым Кемел Ақышев бастаған зерттеу тобымен Қазақстан жерінен сақ жауынгері – "Алтын адамды” тауып, қазақтың көне сақ тайпасының мұрагері екенін дәлелдеді.
Биіктігі алты метр болатын сақ қорғанында алтын киімді адаммен қатар алтыннан жасалған төрт мыңнан аса әшекей, сонымен қатар алтын жүзік, қола және алтын қару, түрлі ыдыстар табылды. Осылайша қазақстандық ғалымдар тарихқа үлкен жаңалық әкеліп, әлемге өзге мәдениет өкілдері тас қашап, тері жамылып жүргенде сақтардың озық технологияны меңгеріп, өркениеттің озық елі болғанын паш етті.
Ежелгі өркениеттің көзі – Алтын адам Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, көне жауынгер бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді. Сондықтан Бекмұханбет Нұрмұханбетұлының еліне қосқан еңбегінің үлесі өлшеусіз деп бағаланады.
 

Туған жерге тағзым

Ақпарат

Құрметті оқырмандар!
«Туған жерге тағзым» жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданынан шыққан танымал тұлғалар туралы әңгімемізді жалғастырамыз. Бүгін Қазақстан ақыны, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ысқақ Марат Әбдешұлы туралы сөз қозғаймыз.
Ысқақ Марат Әбдешұлы 1 қаңтарда қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылында дүниеге келген.
Ауылдағы жеті жылдық мектептен кейін Алматыдағы №18 мектепті бітіріп, 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінен журналист мамандығын алып шыққан. Алғашында Гурьев (Атырау) облыстық «Социалистік құрылыс» («Коммунизм жолы») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істейді.
1962–1964 жж. Алматы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1965–1975 жж. Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандық «Ленин жолы» газетінің редакторы, Талдықорған облысы, Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» – «Капальский труженик» газетінің редакторы қызметтерін атқарды.
1975 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ аудандық «Еңбек жалыны» – «Пламя труда» газеті редакторлығына ауыстырылды.
1989 жылдан бері Қазақ мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқарды. 1992 жылы «Қазақ драматургиясының әдеби сыны» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады, доцент атағын алды. Осы жылдары Алматы Халықаралық журналистика институтында да дәріс оқыды. Профессор.
«Шамшырақ» атты тұңғыш пьесасы Гурьев облыстық драма театры сахнасында қойылды (1961). «Айнамкөз», «Құрманғазы» сияқты туындылары бойынша телефильмдер түсірілген, қазақ теледидарының алтын қорында сақтаулы.
«Жалын», «Жазушы» баспаларынан жарық көрген «Сағыныш саздары», «Дарқан көңіл», «Шақырады көктем», «Көгілдір күмбез» сияқты жыр жинақтарының авторы. «Өлеңім – өмір өзегі» атты бір томдық таңдамалы өлеңдері жарық көрді.
 

Туған жерге тағзым

Ақпарат

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған марафонды Текелі қаласы әкімдігінің қалалық кітапханасынан зор құрметпен қабылдап алдық. Еңбекшіқазақ ауданынан шыққан жерлесіміз, елге танымал ақын Тұманбай Молдағалиевтың 85 жылдық мерей тойына орай, жерлесі, ақын-жазушы Шаяхмет Құсайынұлы Тұманбай Молдағалиевке өз арнауын арнайды. Кітапханамыздың тұрақты оқырманы «Азат орталау мектебінің» 2 сынып оқушысы Сейсенбай Нұрғиса Тұманбай ақынның «Бір биік, бір аласа өмір кешем» атты өлең жолдарын Қапшағай қалалық кітапханасына жолдайды.
 

Туған жерге тағзым

Ақпарат

Шаяхмет Құсайынұлы Халықаралық жазушылар, Қазақстан жазушылар, Қазақстан журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Еңбекшіқазақ ауданының танымал туындыгері. 2010 жылы Республикалық «Қазақстан» телеарнасының «Таңғы шық» мүшайрасында көрермендердің көп даусын жинап, бас жүлдені жеңіп алды. 2015 жылы Республикалық «Хабар» АҚ Білім және мәдениет телеарнасының «Наурыз жыр» атты мүшайрасында 1 орынды қанжығасына байлады. 10-нан астам прозалық, 20-ға жуық өлеңдер жинақтарының авторы. 2004-2012 жылдары «Қазақстан-Заман» газетінің сын бөлімінің редакторы. Қазіргі уақытта жеке шығармашылығымен шығұлдануда.
Шаяхмет Құсайынұлының "Өлеңім-өмірім” атты жыр жинағында Отан, экология, ел басқару, достық, татулық,туыс, ата-ана, салт-дәстүр, тәуелсіздіктің қадірін білу, тағы осы тәрізді мәңгілік мәселелер жырланады. Жинақта "Қазақ болып туғаныма мақтанамын”, « Жер сатылмайды”, "Атам - қазақ”, ”Дархан далам” тәрізді өлеңдерінде айтпағы айрықша. Бұларда Шаяхмет ағаға тән пікір мен талғам бар.

"...Ұлтым үшін қазанында қайнаймын.
Керек болса лапылдаған от болам”
деген шумақтары азаматтың ақ жүрегін алға жаяды.
"Кең далама қызыл көз жау енбесін,
Өз ұлтымның шамшырағы сөнбесін.
Күннен-күнге жұлдыз-айы биіктеп,
Ешкімге де есе бермей өрлесін!”,-
деген шумақтары кез-келген қазақ қанды, ұлтжанды оқырманның ойымен ортақтасары хақ.
Шаяхмет Құсайынұлының кітаптарын Ғаламтордан www.kazneb.kz сайтының сілтемесіне кіріп оқуларыңызға болады.

 

Құрметті оқырмандар

Ақпарат

Құрметті оқырмандар!
ҚР Президенті К.К.Тоқаевтың республикада төтенше жағдай жариялауына байланысты және ҚР мәдениет және спорт министрлігінің 14.03.2020 ж. №63 бұйрығына сәйкес 16 наурыздан 15 сәуірге дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің аудандық кітапханасы өлкетанулық бағытта сандық форматқа енген Еңбекшіқазақ ауданынан шыққан ақын-жазушылардың шығармаларын оқуға шақырады. Ғаламтордан www.kazneb.kz сайтының сілтемесіне кіріп сандық кітаптарды оқуға кеңес береміз.
 

Қалың елім, қазағым

Ақпарат

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. 2020 жылдың 13 наурыз күні Шелек модельді ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданы архив бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен кітапханашы Л.Кошиева «Қалың елім, қазағым» атты тейбл ток өткізді. Кітапханашы Абайдың өмірі мен шығармашылығынан кеңінен мәлімет беріп, кітап көрмесіне шолу жасады. «Кемел ойдың кемеңгері» слайд – галереясымен таныстырды. Архив қызметкерлері өз ойларымен бөлісіп, Абай өлеңдерін жатқа оқыды.
 
В будущее В прошлое

Навигация